Бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Театр қайраткерлерінің IX съезі өтті. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады. Съезге Қазақстанның барлық өңірінен 152 делегат сайланып, оның 135-і қатысты.
Бес жылда бір өткізілетін жиын өмірден озған театр өнері тарландарын еске алумен басталды. Одан кейін қазақ театр өнерінің түйткілді мәселелері: өңірлердегі театрлардың бүгінгі жағдайы, репертуар, маман , актерлердің жалақы мәселесі сөз болды.
Құрамында 2 мыңнан астам мүшесі бар Қазақстан Театр қайраткерлері одағы екпінді, әрі сындарлы жұмысы арқылы қоғамнан өз орынын тауып келеді.
Одақ төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов сөз алып, «бүгінгі таңда мемлекеттің есебінен қаржыландырылатын 52 театр бар, оның 9-ы ғана Мәдениет және спорт минстрлігі иелік етеді. Қалған театрлардың барлығы да жергілікті әкімшіліктердің аса ықылассыз қарауында күн кешуде. Бұлай бөліну республиканың біртұтас театрлық картасын қалыптастыруға, мәдени-рухани өміріміздің кеңістігін бір тұтас етуге үлкен зардабын тигізуде. Сондықтан, облыстардағы театрлардың барлығын да министрліктің құзырына көшірген дұрыс», деп ұсынысын айтты.
Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының өкілі өздеріне барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді. Әр актерге, тіпті техникалық қызметкерге де үй берілгенін айта келіп, тек театр сыншысының жетіспейтінін жеткізді.
Ал, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының актері Мұхаммед Али облыста мәдениет саласына, әсіресе, театр қызметкерлеріне жергілікті әкімшіліктің мүлде жағдай жасамайтынын баяндады.
Біздің анықтама:
Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы бұрынғы Қазақ театр қоғамының (1962) негізінде 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағы болып құрылды.
Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы – қоғамдық-шығармашылық ұйым. Театр қайраткерлерінің одағының негізгі міндеті кәсіби театрлар мен әуесқой және халық театрлары ұжымдарының жан-жақты өсіп-өркендеуіне шығармашылық әрі материалдық жағынан көмек көрсету.
Әдетте одақ театртану, театр сыны, актер, режиссер шеберлігі, драматургия, театр ісін ұйымдастыру, жастар театры мен студиялары т.б. сахналық өнерге қатысты бөлімдерді біріктіреді.
Қазақстан Театр қайраткерлері одағының съезі бұған дейін 2009 жылы қазан айында өтті. VIII съезде одақ төрағасына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов тағайындалды.