«Қазақ киносының саңлағы» атты көрме 1 желтоқсанға дейін жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ киносының саңлағы» атты көрме 1 желтоқсанға дейін жалғасады

08.10.2014
«Қазақ киносының саңлағы» атты көрме 1 желтоқсанға дейін жалғасады

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері, КСРО Халық әртісі, әйгілі кинорежиссер, театр және кино актері Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ киносының саңлағы» атты мемориалды көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі.

2014 жылдың 1 қазанында өткен көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер қайраткерлері – Қазақстан кинематографистері Одағының мүшесі Қасым Бегалин, Ш.Айманов түсірген «Тақиядағы періште» фильмінің әйгілі актрисасы Шолпан Алтайбаева, карикатурист-суретші Еркін Нұразхан, «Қазақфильм» киностудиясының және шығармашылық ұжымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Көрмеде келушілер назарына Құлахмет Ходжиков, Павел Зальцман және Сахи Романов секілді Қазақстан әйгілі суретшілерінің Шәкен фильмдеріне арнап жасаған костюмдер мен декорациялардың бірегей топтамалары алғаш рет ұсынылған.

Сонымен қатар, көрмеде қазақ киносының шежірелі бастамашысының жеке заттарын, марапаттарын, фотоматериалдар, құжаттар, кітап, сыйлықтарын көруге болады.

Олардың қатарында, мысалы үшін, Ш.Айманов өмір бойы жинаған қалталы пышақтар мен оттағыштардың топтамасы, кино түсірілімдері арасында ойнаған шахматтары, әрдайым бірге алып жүрген домбырасы, тіпті шебердің түпнұсқаға толық сәйкес келетін кабинетінің көшірмесі де бар.

Жалпы көрмеге 130-дан аса экспонат шығарылған, олардың көпшілігі «Қазақфильм» киностудиясымен ұсынылды.

Көрме 2014 жылдың 1 желтоқсанына дейін өтеді.

Хабарламаларға жазылу