Қарлығаш Мұртазина – «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарлығаш Мұртазина – «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері атанды

08.10.2014
Қарлығаш Мұртазина – «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері атанды

Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымы танымал режиссерді құрметті зейнеткерлікке шығарып салды.  «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының шығармашылық бойынша орынбасары Қайнар Олжай мерейтой иесін корпорация атынан құттықтап, Алғыс хат тапсырды. Сол сияқты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Ілияс Ысқақов та Қарлығаш Мұртазинаны қазақ телевизиясына сіңірген еңбегін аса жоғары бағалап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Өрлеу» АҚ Ұлттық орталығы Директорлар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі атынан Қарлығаш Мұртазинаның осынау мерейлі жасқа жетуіне орай, «Ұлт мақтанышы» медалімен марапаттады.

Біздің анықтама:

Қарлығаш Төкенқызы Мұртазина – 1956 жылы 26 маусымда Семей облысында дүниеге келген. Қыздар педагогикалық институтының түлегі.

1970 жылдары Қыздар педагогика институты жанынан құрылған вокалды-инструменталды «Айгүл» ансамблінің әншісі ретінде Қарлығаш Мұртазина елімізге кеңінен танылды.

Жас, әдемі әрі талантты әнші ансамбль құрамында жүріп, алыс-жақын шетелдерге  қазақтың бай ән өнерін дәріптеді.

Оның дауысы туралы сол кездері «жүрекпен айтады» деген сөз қалыптасқан. Қарлығаш Мұртазинада бар жоғары әртістік даралық, әдемі дауыс, керемет дикциялы қасиет кейінгі әншілерде өте сирек кездеседі. Ол – өзінің өнерімен тұтас концертті алып жүретін  ұйымдастырушылақ қабілеті бар жан.

Институтты тәмамдаған соң, әнші Мәскеудегі жоғары режиссерлық курсты үздік аяқтайды. Жас маман еңбек жолын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастаған. 2011 жылдан  «Мәдениет» телеарнасында да режиссер қызметін атқарды.  

Деректі фильмдер түсіру саласында 30 жылдан  астам уақыт еңбек етіп, талай жетістікке жетті. Оның «Елім-ай» фильмі 1996 жылы АҚШ-тың Анкоридж қаласында деректі фильмдер фестивалінде жүлдегер атанса, 1998 жылы «Алтын жұлдыз» республикалық телевизиялық конкурсының,  сонымен қатар, «Жаһандық гуманитарлық жетістігі» үшін халықаралық кинофестивалінің лауреаты атағын жеңіп алды.

Қарлығаш Мұртазина – ҚР Мәдениет қайраткері.  

Хабарламаларға жазылу