Қазақстан туризмді дамытуда Сан-Марино тәжірибесіне сүйенбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан туризмді дамытуда Сан-Марино тәжірибесіне сүйенбек

07.10.2014
Қазақстан туризмді дамытуда Сан-Марино тәжірибесіне сүйенбек

Қазақстан мен Сан-Марино экономикалық әріптестік жол картасын бірлесіп жасайтын болды. Бұл туралы бүгін екі елдің сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов пен Паскаль Валентинимен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің елдеріміздің әлеуетінің айырмашылығына қарамастан, сауда-экономикалық салада әріптестік орнатуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Кеше Сан-Марино делегациясы Қазақстанның Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевпен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесіп, экономикалық әріптестік жол картасын бірлесе жасау жөнінде келісімге келді», - деді Е. Ыдырысов.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынас орнатуға оңтайлы салалар ретінде туризм, банк ісі, өндіріс және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, фармацевтика салалары танылып отыр.

«Қазақстан үшін Сан-Маринодан үйренетін нәрсе көп. Небәрі 36 мыңдай ғана халқы бар бұл елге жылына 2 миллионнан астам турист келеді. Әрине, бұл зор тәжірибе», - деді ҚР СІМ басшысы.

Ал, Сан-Марино Республикасының Сыртқы істер және саясат мемлекеттік хатшысы Паскаль Валентини бүгінгі кездесудің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін меморандумға қол қойылғаннан кейін біздің елдеріміздің арасында «Жол картасы» жобасын іске асыру жұмыстары басталады. Олардың әлдеқайда нақты әріптестік қатынастар болатынына сенімдіміз», - деді ол.

Хабарламаларға жазылу