Күйші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева «Таңшолпанда» қонақта болды. Соңғы кездері қолына домбыра ұстаған қауым, күй өнері эстрадалық бағытқа бет бұрып жатыр.
Бұл турасында күйші: «Бұл кеше ғана басталған бетбұрыс емес. Сонау 1991 жылы Роза Рымбаева өзіне жаңа құрам жинаған кезде «Арай» ансамблі халық әндерін фольклорлық бағытта орындап бастады. Мен де сол құрамға шақырылған музыканттардың қатарында болдым. Домбыраға, қобызға арналған күйлерді біз сол кездері эстрадаға бағыттап ойнағанбыз. Бұл үрдіс сахнаға сол жылдары шыққан. Ал қазіргі жастардың эстрадалық бағытта орындалуынан күй мұқалып жатқан жоқ. Керісінше, оның ұтқан жері көп. Себебі, жастарды домбыраға бұрып жатыр»,-дейді.
Жақында туған жері Атырауға жол тартқалы отырған Айгүл Үлкенбаева: «Әкем көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Осы жолы еске алу кешін ұйымдастырмақпыз. Онда әкем тірісінде шығара алмай кеткен екінші кітабы бар еді. Соны жарыққа шығарып, одан кейін әкем өмірден өтіп кеткеннен кейін еске алу ретінде тағы бір кітап пен күйтабағын шығарғанбыз. Арнайы фильм де түсіргенбіз. Солардың бәрі осы жолы көрсетіледі. Облыстық кітапханаларға кітаптары тапсырылады»,-дейді.
«Кішкентайымнан мені домбыраға баулыған алғашқы ұстазым – әкем. Менің өмірдегі кеңесшім де, ақылшым да – әкем еді», дейді күйші.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.