Қазақстанда МАГАТЭ арқылы жүздеген маман дайындалды, деп бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық бақылау және тексеру комитетінің төраға орынбасары Тимур Жантикин мәлімдеді.
Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына сай мемлекеттің әлеуетін нығайтуға жол ашатын ұлттық кадрларды дайындау, сараптамалық ұсыныстар беру мен құрылғы тасымалдау арқылы бейбіт атом қолданысы саласындағы біліммен алмасу жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды strategy2050.kz.
«МАГАТЭ арқылы мамандар дайындап, бірнеше жылдан бері жүздеген шәкіртті үздік деген оқу орындарында оқытып шығардық. Онымен шектелмей, МАГАТЭ-мен техникалық ынтымақтастық бағдарламасын қолдандық. Оны біз 1995 жылы іске қостық. Осы бағдарлама аясында бірқатар технологиялық құрылғыға ие болдық. Алайда, біз негізінен маман дайындаумен айналыстық. Осының арқасында үлкен кадрлық әлеуетке қол жеткіздік», - дейді ол.
Оның айтуынша, маман дайындау өте жоғары деңгейде жүріп жатыр. Орташа есеппен жылына қазақстандық ұйымдардың 100 шақты өкілі алдыңғы қатарлы әлемдік орталықтарда біліктіліктерін арттырып, білім алады, оқыту семинарларына қатысып, курстар мен конференцияларға жазылады. Оның бәрін МАГАТЭ қаржыландырады.