10 қазан күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жоғары оқу орны мен орта-кәсіптік оқу орны студенттері арасында «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра және поэзия бағытында мәнерлеп оқу сайысы өткізілмек.
Шара қазақ халқының біртуар ұлы Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығын кең көлемде атап өту аясында ұйымдастырлып отыр, деп хабарлайды жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Іс-шараның басты мақсаты - соңында сырлы да сазды поэзия қалдырған ақын, ғұмырын елінің жарқын болашағы үшін күресуге жұмсаған қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын, саяси-қоғамдық қызметтерін, азаматтық тұлғасын жастар арасында насихаттау.
Конкурс талаптары – мүшәйраға қатысушы талапкер бұрын ешбір жерде жарияланбаған екі өлеңін жіберуі тиіс. Бірінші өлеңі Сәкен Сейфуллинге арналса, екіншісі патриоттық тақырыпта болуы шарт. Мәнерлеп оқуға қатысушылар ақынның 2 өлеңін оқуға міндетті.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін бағалауда олардың поэзияны оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударады.
Айта кету керек, іріктелген өлеңдер арнайы жыр жинағына енгізіледі.