Моноқалалардағы кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілін иелене алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моноқалалардағы кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілін иелене алады

01.10.2014
Моноқалалардағы кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілін иелене алады

Үкіметтің 27-қыркүйектегі қаулысына сәйкес «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар бойынша моноқалаларда, шағын қалаларда, сонымен қатар, олардың әкімшілік бағынышты елді мекендерінде жобаларды жүзеге асыру үшін өтініш тапсырған кәсіпкерлердің несиесіне «Даму» қорының кепілін берудегі салалық шектеулерді алынып тасталады.

Ал несие бойынша кепілдендіру мөлшері жалпы несие сомасының 70 пайызын құрайтын болады. Бұл туралы «Даму» қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Яғни, моноқалалардың кәсіпкерлері ендігіде 30 пайыздағы кепілдікті қамтамасыз еткен жағдайда қызмет түріне қарамастан 20 миллион теңгеге дейін, ал 50 пайыздық кепілді қамтамасыз етсе 150 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі болады.

Мұндай өзгерістер моноқалалардың орта және ұзақмерзімді перспективада орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін болады.

 

 

Хабарламаларға жазылу