Таиланд еліне демалуға барған туристер енді арнайы сәйкестендірілген білезік тағып жүретін болды. Бұл туралы елдің Спорт және туризм министрі Кобкарн Ваттанаврангкул жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеген.
«Туристер арнайы сәйкестендірілген білезікті өздері тоқтаған қонақүйден алады. Білезікте туристің жеке куәлігі, демалыс орнының нөмірі, қай жерге тоқтағаны көрсетіліп тұрады. Сол себепті адасып немесе басқа да оқиғаға тап болған туристерге қызметкерлер білезік арқылы тауып, көмек көрсете алады. Бұл туристердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр», - дейді Кобкарн Ваттанаврангкул.
Министр қонақүй әкімшілігіне туристерге білезік таратуға шақырды. Сонымен қатар, ол туристердің жүріп-тұруын бақылайтын құрылғының іске қосылатынын мәлімдеді.
Таиландта Тао аралының жағажайында британдық ерлі-зайыптының өлімінен кейін қауіпсіздік шараларына баса назар аударыла бастады.
vesti.ru