«Поэзия әлемінде» - Бақытгүл Бабаш - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Бақытгүл Бабаш

27.09.2014
«Поэзия әлемінде» - Бақытгүл Бабаш

Өлеңдері лирикаға құралған ақын қыздардың бірі – Бақытгүл Бабаш.

Ол туралы Қалқаман Сарин: «Бақытгүл жалпы, поэзияны тек лирика деп қана түсінетін сияқты көрінеді маған»,- дейді.

«Қандай өлең жазсам да, алдымен жарыма оқып беремін...», дейтін ақынның шығармашылығымен толығырақ бүгін 13.00-де «Поэзия әлемі» хабарынан біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Бақытгүл Бабаш – 1981 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. 

Республикалық «Алтын Орда», «Жас қазақ» басылымдарында еңбек еткен. Қазір «Алаш айнасы»газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі. ІХ халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері. Республикалық мүшәйралардың, «Алтын қалам», «Үркер-Үміт» әдеби байқауларының жүлдегері.

Кешкі қала

Кешкі қала. Көліктердің ағыны.

Жанымды кеп аймалады тағы мұң.

Жанарымды жылы лебі өбетін

Ауылымды сағындым.

Артта қалып арман толы гүл-шақтар,

Бақта жалғыз кешіп келем жұмсақ қар.

Қиғашыммен қош айтысып кетіп ем,

Әттең, мені түсінбеді бұл шаһар.

Әттең, мені түсінсе ғой, түсінсе...

Кері кетіп жүрмес пе еді ісім кей?

Кісікиік кейпіне еніп күйзелдім,

Ен далада иесіз қалған мүсіндей.

Жалғыз мен бе дауасыз дерт меңдеген?

Қайран ауыл, үмітің ем сендегі е-е-ең.

Лас көшеде мас тірлікке малданып,

Жан бағудың қамыменен сенделем.

Қала түні. Бұлт бүркейді Ай жүзін.

Өлең өртеп өзегімді қайбір күн.

Хабарлама телефонда қалғиды:

- Аға, өмір қайғылы, иә?

- Қайғылы...

Хабарламаларға жазылу