«Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум өтті

26.09.2014
«Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум өтті

Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен «Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум өтті.

Биыл мажарстандық қыпшақтанушы ғалым, танымал қоғам қайраткері, өмірін түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына арнаған Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына –  70 жыл.

Осыған орай ұйымдастырылған алқалы жиынның басты мақсаты - Мандоки мұраларын көпшіліктің ой елегінен қайта бір өткізу және түркі әлеміне кеңінен насихаттау.

Жиынға ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ТүркПА-ның Бас хатшысы Жандос Асанов, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Имре Ласлоцки, Венгрия Парламенті вице-спикерінің кеңесшісі Шандор Дороги, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері,  Парламент Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және қоғам қайраткерлері,  сонымен қатар, ғалымның жары Оңайша Мақсұмқызы мен ұлы Атлан қатысты.

Пленарлық мәжілісте Қазақстан, Түркия, Мажарстан,  Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінің белгілі түркітанушы ғалымдары баяндам жасап, естеліктер айтты.

«Манас» Қырғыз-Түрік университетінің профессоры Қадырәлі Қоңқабаев біртуар тұлғаның өмір бойғы асыл арманы өзі дүниеден озған соң араға 20 жыл салып барып орындалып жатқанын, оған түркінің қара шаңырағы –  Қазақ Елінде бой  көтерген Халықаралық Түркі Академиясының мұрындық болып отырғанын атап өтті.

Шараның ерекше тұсы -  Мандоки Қоңыр Иштванның 16 мыңнан астам кітабынан тұратын бай рухани мұрасының Халықаралық Түркі Академиясына салтанатты түрде тапсырылуы болды.

Жиналған зиялы қауым  Мандоки кітапханасының Түркі  Академиясына берілуін «Астананың заманауи түркітану орталығына айналғанының белгісі»6 деп бағалады.

Тапсыру рәсімінде сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев:  «Мандоки Қоңыр Иштванның тағылымы мен мұрасы Мажарстан мен Қазақстанда  өркен жайып келеді. Оған бізбен Будапеште сөйлескен ғалымның шәкірттері куә, оған бүгін ашылып отырған кітапхана куә.

Екі елдің арасындағы алтын көпірге айналған ғалымның рухына тағзым жасап,  туыстарына, жарына алғыс айтамыз. Ардақты азамат, аяулы дос, тамаша ғалымның жеңісті де жемісті өміріне куә болған кешегі тәбәріктер бүгін біздің алдымызда тұр. Құт қадам, сәт сағат болсын!», –  деді.   

Форум аясында Мандоки Қоңыр Иштванның есімін ұлықтап, мұрасын түгендеп, мандокитануға лайықты үлес қосқан бір топ азамат Мандоки медалімен марапатталды. 

Алқалы кеңесті жүргізген Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Қоңыр ағамыз тек қазақ-мажар достығының ғана емес, күллі түркі әлемінің  ғылыми сабақтастығына, мәдени байланыстарына арқау болған тұлға», - деп атап көрсетті. 

Жиын соңында қабылданған қарарда белгілі түркітанушының соңында қалған мұраларын бүкіл түркі дүниесіне таныту, қолжазбаларын жарыққа шығару және оның құрметіне Астана қаласынан көше атын беру мәселелері қарастырылған. 

 

Біздің анықтама:

 Мандоки Қоңыр Иштван (1944-1992) Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген. Мандоки Қоңыр жеті ғасырдан астам уақыт өткен соң атажұртқа оралған құман-қыпшақ патриоты. Оның арманы - Мажарстандағы құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілін, ділін қайта жаңғырту еді. Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрттары арасындағы тарихи-мәдени байланысты терең зерттеді. Ол - түркологияны жаңа бір белеске көтерген белгілі тұлға. Бұған қоса, түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, зерттеу, насихаттау ісінде көп еңбек сіңірді. Сан рет  экспедицияға шығып, Шығыс Еуропада Балқаннан бастап, Орта, Кіші, Кіндік Азия және Қазақстан, Қырым Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын түгел аралап, түркі халықтарының жоғын түгендеді. 48 жасында дүние салған Қоңырдың сүйегі өз өсиеті бойынша қазақ жеріне – Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Алматы қаласындағы №154 мектепке Иштван Қоңырдың аты берілген.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу