Он жеті жасында тұрмыс құрып, бесігі мен берекесін бірге тербетіп келе жатқан Ұлданайдың бүгінде он баласы, бір жиен немересі бар.
Астананың ең жас батыр анасы Ұлданай Әлімбаева мен жұбайы Әбдікәрім екеуінің шаңырағындағы балалардың аралары бір, екі жас қана. Тете бауырлар бір-бірін жетелеп, үлкені кішісін бағып, өсіп келеді.
Батыр ананың қазір екі баладан артық құрсақ көтергісі келмейтіндерге айтар кеңесі де бар. «Қорқудың қажеті жоқ. Алла әр баланы несібесімен береді. Бала деген таптырмайтын Алланың берген байлығы, білген адамға», - дейді ол.
37 жасқа келіп, он баланың анасы, бір немеренің әжесі атанып үлгерген Ұлданай ханым мен бала санын көбейту жөнінен жарысқа түскен құрбысы 6 баланың анасы Жазира ханым бүгін 15.05-те «Әйел бақыты» ток-шоуында қонақта.