Елімізде жыл сайын жол апатынан 3 мыңдай адам қаза табады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл сайын жол апатынан 3 мыңдай адам қаза табады

25.09.2014
Елімізде жыл сайын жол апатынан 3 мыңдай адам қаза табады

Жыл сайын Қазақстанда жол апатынан 3 мыңға жуық адам мерт болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Денсаулық сақтау саласының дамуы туралы» атты медициналық форум барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Руслан Нұрмұқанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде жыл сайын жол апатынан үш мыңға жуық адам қаза табады және 29 мыңдайы түрлі жарақаттар алады. Бұл сандар аталған мәселенің өзектілігін көрсетеді. Сондықтан біз жол апаттарының салдарын азайту бойынша барлық шараларды қолға алуымыз қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы уақыттарда жол апаттарының 30 пайызға артуына қарамастан, адам шығыны өткен жылдармен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр.

«Дегенмен жылдан-жылға көрсеткіштер жақсарып келеді. Мәселен 2012 жылы жол апатынан 20 мың адам, 2013 жылы 32 мың адам жапа шекті, ал адам өлімі осы жағдайларда 15 пайыздан 9,2 пайызға азайды. Мұндай жетістіктерге жетуге жедел жәрдем жұмысының жетілдірілуі мен автожолдардың қауіпті жерлерінде құтқару бөлімдерінің ашылуы негіз болды», - деді ол.

Р. Нұрмұқановтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы өлім-жітімнің себептері арасында оқыс оқиғалар, жарақаттану мен улану жағдайлары үшінші орын алады.

Хабарламаларға жазылу