Бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Рига қаласының (Латвия) мэрі Нил Ушаковпен кездесті. Қала басшылары Астана мен Рига арасындағы ықпалдастық пен екіжақты қарым-қатынасқа қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.
«Латвия - Қазақстан үшін Балтық өңіріндегі өте маңызды әріптес. Екі қала да экономикалық әлеуеті мен экономикасының құрылымы жағынан өте ұқсас. Астанада жалпы өңірлік өнімнің 60 пайызын шағын және орта бизнес құрайды, құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде», - деді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Өз кезегінде, Рига мэрі Нил Ушаков жылы қабылдағаны үшін елорда басшысына алғысын білдірді. «Біз Астанамен ынтымақтастық орнатуға, одан әрі дамытуға және тауар айналымын арттыруға ниеттіміз, - деді.
Кездесу соңында денсаулық сақтау, мәдениет, білім, туризм және спорт салаларындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.