2017 жылға қарай Астанада екі жаңа колледж салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2017 жылға қарай Астанада екі жаңа колледж салынады

23.09.2014
2017 жылға қарай Астанада екі жаңа колледж салынады

22 қыркүйекте Астанада қалалық мәслихат депутаттары, Астана қаласы әкімдігі басқармаларының басшылары мен астаналық колледждердің өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Отырыста кәсіби-техникалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Күн тәртібінде Астана қаласының колледждеріндегі білім сапасы, студенттердің өндірістік практикадан өтуі, оқу мекемелері орналасқан ғимараттардың техникалық жабдықталуы және т.б. мәселелер қаралды.

«Астанада 34 колледж жұмыс істейді, соның ішінде 12-сі мемлекеттік және 22-сі жекеменшік. 2017 жылға қарай 1200 орындық техникалық және 800 орындық құрылыс колледжін салу жоспарланған. Қазіргі орта арнайы білім беру мекемелерінің 16 жатақханасы бар. Дегенмен, 2 300 жуық студент баспанамен қамтамасыз етуді қажет етеді. Сонымен қатар, кәсіби-техникалық білім мекемелерінде оқып жүрген көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүру билеттерімен, сондай-ақ, ыстық тамақпен қамту мәселесі де өзекті болып тұр», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.  

Хабарламаларға жазылу