Х Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталып, салтанатты марапаттау рәсімі жұма күні Алматыдағы Республика сарайында өтті, деп жазады forbes.kz.
Кинофестивальдің бас жүлдесін режиссер Асаф Корманның «Рядом с ней» (Израиль) фильмі жеңіп алды. Сыйлықты режиссерге Халық әртісі, актер, режиссер Асанәлі Әшімов пен актриса Назерке Әмірова табыстады. Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне қазақстандық режиссер Ермек Шынарбаев пен француз актері Жерар Депардьенің бірлескен туындысы «Голос степи» лайық деп танылды. Кинокартинаның продюсері Гүлнар Сәрсеноваға сыйлықты қазылар алқасының мүшесі Ли Чхан Дон мен актриса Динара Бақтыбаева табыс етті.
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев француз режиссері Коста Гаврасты әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін марапаттады.
«Таңдаулы режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша режиссер Бенекдит Эрлингсстонның «О лошадях и людях» (Исландия, Германия, Норвегия) туындысы, ең жақсы ер адам рөлі бойынша «Мандарины» (Эстония, Грузия) кинотуындысының төрт актері, ең жақсы әйел адам рөліне Тина Далакишвили ресейлік «Звезда» фильміндегі рөлі үшін марапатталды.
Сонымен қатар, «Дорога домой» фильмінің режиссері Рашид Сүлейменов көрермен көзайымы сыйлығына лайық деп танылды. Марапатты режиссер, мемлекет сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов пен фестивальдің бағдарламалар директоры Диана Әшімова табыстады. Ал, қазақстандық режиссер Нариман Төребаевтің «Приключения» картинасы ең таңдаулы жұмыс номинациясына ие болды.