Татарстанның билік басшылары бастаған ресми тұлғалар, іскерлік және білім беру саласы мамандары мен мәдениет өкілдері татар халқының мәдениеті мен салт-дәстүрімен таныстырып, Сабантой мерекесін өткізу үшін Астанаға келді, деп astana.gov.kz сайты хабарлайды.
Сондай-ақ, Татарстаннан 50-ге жуық бизнес делегация келді. Олар Астананың өнеркәсіп, машина құрылысы, тікұшақ құрылысы, ауыл шаруашылығы мен мұнай саласындағы іскер азаматтармен бірқатар кездесу өткізеді.
Айта кететін болсақ, биыл - «Таң» татар-башқұрт орталығына 20 жыл. Астанада тұратын татар ұлтының өкілдері осы орталыққа жиналып, жастардың көбі жексенбілік мектептен дәріс алып, салт-дәстүрді үйренеді
«Сабантой» мерекесіне дайындық елордада екі апта бұрын басталған.
Қазір «Хан шатыр» сауда орталығы жанындағы алаңда 100-ге жуық адам жұмыс істеп, мерекеге арнайы ауыл тұрғызып жатыр. Мұнда көрме мен концерттік бағдарламадан бөлек 20 метрлік бағана тұрғызылып, татар халқының ұлттық ойындары ойналады, спорттық сайыстар да өтеді.