Мұрат Әбенов: Қазақ интернетінің ағартушылық функциясын арттыру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұрат Әбенов: Қазақ интернетінің ағартушылық функциясын арттыру керек

19.09.2014
Мұрат Әбенов: Қазақ интернетінің ағартушылық функциясын арттыру керек

Бүгін - қазақ интернетінің дүниеге келген күні. Осыған орай «Өрлеу» АҚ Ұлттық орталығы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов интернеттің қазақстандық сегментінің  қалыптасуы мен дамуына қатысты сауалдарға жауап берген еді.

-«Қазнетке» қашан келдіңіз? Алғашқы сайтыңыз немесе жобаңыз туралы айтсаңыз...

-1990-шы жылдары компьютер, интернет туралы ақпараттарға қанық болдым. Және  информатикаға деген қызығушылығым күн сайын артты, десем қателеспеймін.  Абай атындағы ҚазМУ-дың математика-информатика факультетінде орыс тобында оқыдым. Ол замандарда қазіргідей жағдай мүлдем жоқ. Бір компьютердің өзі бір бөлмені түгел жайлайтын. Перфокарталармен жұмыс істейтінбіз.

Әскерден келген бойда информатика әлеміне жаңалық енгіземін, деген мақсат қойдым. Оқуды тәмамдап, Қызылордаға оралған соң, қазақ мектебінде информатика пәнінен оқушыларға сабақ бердім.

Қазақша көптеген жаңа терминдердің қалыптасуына үлес қостым. Информатика пәні кабинетін жасақтадым.  Ал алғаш жасаған сайтым – kyzylorda.kz еді. 2004 жылы award.kz ұлттық интернет байқауында III орынды иеленді.  

-Жиырма жылдың жетістігі бар ма?

-Сонау 90-жылдардан бері қандай қызмет істесем де, интернет саласымен байланысты болды. Қалалық  оқу бөлімінде, облыстық әкімшілікте, Парламент депутаты атанғанымда да информатика, есептеуіш техника, құрылғылар, интернет – менің сенімді серігіме айналды. Жоғары билікте жүргенде интернеттегі авторлық құқыққа, Қазақстанда интернет қызметін реттеуге, қазақтілді контентті көбейтуге, e-gov жүйесіне, Википедия-ның қазақтілді нұсқасының ауқымын кеңейтуге байланысты құжатнамаларға атсалыстым.  

Бұрын интернет жоқ кезде таныстарым аз болса, қазір интернет арқылы мен барлық жердемін. Ауылда, қалада, далада, теңізде, мұхитта дегендей. Қоғамдық проблемаларды шешудің жағдайы жақсарды. Мысалы, ШҚО-да болған Абай ескерткішіне байланысты түсініспеушілік туралы интернеттен оқыдық, бәріміз. Ақыры, билік араласып, жұпыны ескерткішті алызып тастады.  Сол сияқты, Құрманғазы мен Пушкинге қатысты оғаш жағдай да  интернет арқылы оң шешімін тапты.

-Шешімін таппаған мәселелер туралы не айтар едіңіз...

-Интернетті ағартушылық бағытқа бұрып дамыту керек. Электронды сауда, интернетте қызмет көрсету саласы дамымаған. Әлі күнге оқу саласында интернет ескі форматта беріледі. Қазақ тіліндегі әлеуметтік желілер,  интернет сауаттылық әлі де дамымай келеді. Мысалы, геосаясат, қаржы, саясат мәселелері интернетте өз деңгейінде көтерілмейді.

Хабарламаларға жазылу