Астана қаласының полицейлері прокурорлармен бірге рейдке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының полицейлері прокурорлармен бірге рейдке шықты

18.09.2014
Астана қаласының полицейлері прокурорлармен бірге рейдке шықты

Бүгін елордалық жол-патрульдік полицейлер қалалық прокуратура қызметкерлерімен бірге әкімшілік құқық бұзушылықтарға «нөлдік шыдамдылық» қағидатын қамтамасыз ету аясында жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын анықтау мақсатымен рейдтік іс-шара өткізді. Бұл туралы Астана қаласының ІІД ӘПБ баспасөз қызметі хабарлады.

Астана қаласының ІІД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Тахир Әбдурахмановтың айтуынша, тәртіп бұзушылардың басым бөлігі хабарламаларға қарамастан, іс сотқа жетпейінше көлік жүргізуден тартынбайды. Астанада борышкерлер саны 50 мыңнан асады, олар қарызын 30 күннің ішінде өтеуге тиіс.

Патрульдік көлікте орнатылған «Поток» жүйесі жол сақшыларына әкімшілік айыппұл төлемегендерді анықтауға көмектеседі. Бейнебақылау камерасының көмегімен қозғалыс кезінде көліктің нөмірі сканерден өткізіліп, мәліметтер базасы бойынша тексеріледі. Егер оның тәртіп бұзғаны анықталса, жол-патрульдік полиция инспекторы куәгерлердің көзінше көліктің мемлекеттік нөмірін шешіп алып, жүргізушіге айыппұлды төлеп, түбіртекті Астана қаласының ІІД ӘПБ әкімшілік практика бөліміне ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жазып береді. Тек содан кейін ғана мемлекеттік нөмір көлік иесіне қайтарылады.

Астанада жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 157,5 мың жағдайы анықталса, 145 мың заң бұзушылыққа жол берген, деп хабарлайды astana.gov.kz сайты.

Хабарламаларға жазылу