Баянауыл ауылында орналасқан Сабындыкөл айдынының түбін тазарту жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды «Сарыарқа самалы» газеті.
Мамандар тереңдігі 15 метрді құрайтын көлдің тазалау ауқымы көңіл көншітпейтінін алға тартуда. Айтуларынша, көлдің түбі небары 3 метр тереңдікте тазалануда. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Медет Шолақовтың мәліметінше, тазалау жұмыстары 2015 жылға дейін аяқталады.
- Бүгінде қоқыстар 20-25 тонналық арнайы қаптарға салынып, белгіленген алаңға шығарылуда. Күніне 50 тонна қоқыс шығарылады. Тазалау жұмыстарының ауқымы 1800 шаршы метрді құрайды. Осы уақытқа дейін 80 қап зиянды заттардың көзі жойылды. Көлге құятын бұлақ арналарына арнайы тор бекітілген. Сонымен қатар, автожолдар арқылы өтетін су тоғыз құбыры қалпына келтіріліп, қорғаныш торы құрылған. Бұдан басқа «Балық кілт» жылғасы арқылы өтетін көпірді жөндеу жоспарланып отыр, - дейді М.Шолақов.
Сабындыкөлді тазалау жұмыстарына 492,2 миллион теңге бөлінген. Жоспарланған жұмыстарды атқарушы мердігер ретінде «Павлодар өзен порты» АҚ таңдалған. Сонымен қатар алдағы уақытта жоспар бойынша Жасыбай, Торайғыр көлдерін тазарту жұмыстары да көзделуде.