Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Групп» ЖШС президенті Нұрлан Смағұловты қабылдады.
Кездесу барысында Н.Смағұлов Мемлекет басшысына EXPO-2017 жобасының аясындағы мәдени-сауықтыру орталығы құрылысының басталғаны туралы баяндады.
Қазақстан Президенті халықаралық көрме құрылысына жоспарланған ғимараттың бірегейлігін атай отырып, оларды көрмеден кейінгі кезеңде тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің маңыздылығын айтты.
«Астана Групп» ЖШС басшысы салынып жатқан нысан Астана қаласының көрікті орындарының біріне айналатынын мәлімдеді.
Жалпы алаңы 140 мың шаршы метрді құрайтын бұл орталықта Қазақстандағы ең ірі балалар аттракциондарының саябағы, 14 залды мультиплекс-кинотеатр, тақырыптық сипаттағы мейрамханалық галереялар, көпфункционалды мұзайдын болады.
Оның құрылысын 2016 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланған.
akorda.kz