ҚР Халық әртісі Гүлжан Әспетова бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Біздің тарихымыз бай. Қаншама бөлімді кино түсірсе де, материал жеткілікті. Сондықтан, ұсақ-түйекті түсірмей, адамның рухын көтеретін, намысын оятатын дүние керек. «Арым – жанымның садағасы», дейтін адамдар аз қазір. Ата-бабаларымыздың ар-намысы ғана емес, адами қарым-қатынасы, тіпті махаббаты да қазіргідей болған жоқ»,-дейді актриса.
«Мен сахнаға тым болмаса, бір айда бір рет шықпасам, ішкі әлемім босап қалады. Халықтың алдына шығып, халықтың қошеметін сезініп, сырын, мұңын тарқатпаса, адам рухани өліп кетеді».
«Актер ешқашан қартаймайды. Оны қартайды екен деп, сахнадан шығарып тастауға болмайды. Кейбір жас әртіс бар, кәрінің кәрісі. Оларға бәрібір. Сондай-ақ, қартайса да, әрі таймаған, қолынан іс келетін актерлер болады. Мысалы, 100-ге келсе де Мәскеудің актерлерін шығармайды. Көлікпен алып келіп, алып қайтады. Сөзін ұмытып қалып жатса да, оларға қошемет мол. Сахнада тұрғанда халық біледі, актердің сөзін ұмытып қалғанын, бірақ сонда да қол соғады. Бұл – үлкен құрмет», дейді актриса.
«Ең қиын жұмыс – актерлерде. Жүрек кетеді, жүйке жүйесі бұзылып, тән де жарақаттанады. Әр образды сомдаған сайын, өзің арқылы шығарасың. Бірақ, сонда да осы жұмысты жақсы көреміз».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.