2014 жылы 1 тамызында еліміздегі халық саны 17 308,7 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 9 541,8 мың (55,1 пайыз), ауылдықтар – 7 766,9 мың адамды (44,9 пайыз) құрады, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап, strategy2050.kz.
2014 жылы қаңтар-шілде аралығында жалпы елімізде халық саны 147,9 мың адамға немесе 0,9 пайызға өсті. 2013 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда халық саны 255,2 мың адамға немесе 1,5 пайызға өсті.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2014 жылы қаңтар-шілде айлары аралығында туған балалар саны - 231,4 (227,0) мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 4,4 мың адамға немесе 1,9 пайызға артты. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,04 (22,94) туғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 78,6 (82,6) мың адамды құрап, 2013 жылы қаңтар-шілдеге қарағанда 4,0 мың адамға немесе 4,8 пайызға азайды. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,83 (8,35) қайтыс болғандарды құрады.
2014 жылы қаңтар-шілдеде республика халқының табиғи өсімі 2013 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда 8,4 мың адамға немесе 5,8 пайызға артып, 152,8 (144,4) мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 15,21 (14,59) адамды құрады.