Белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаев соңғы жылдардағы аса танымал отандық кинотуындылардың біріне айналған «Рэкетир» фильмінің екінші бөлімінің түсірілімін бастады.
Бұл туралы атақты режиссердің тобы мен актерлері әлеуметтік желілеріне киноны түсіру алаңынан көрініс беретін фотосуреттерін салған соң белгілі болды.
Криминалдық драманың қазіргі жобалық атауы - «Рэкетир-2: Кек». Қарағандыда түсіріліп жатқан фильмде оның бірінші бөлімінде ойнаған актерлер Саят Исембаев, Әсел Сатаева, Жан Байжанов тағы көрермендер алдына шығады. Сондай-ақ картинаға түсуге жас та болса танымал болып үлгерген Аян Өтепберген, Бауыржан Әбішев, Дәстен Шәкіров пен Максим Акбаров тартылған.
Айта кетейік, «Рэкетир» фильмі қазақстандық экранға 2007 жылы шыққан еді. Онда басты кейіпкер Саян Беккәрімовтің өмір жолындағы басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдері оның өзінің атынан баянадалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: ҚазАқпарат