Бүгін Алматыда Шәкен Айманов фильмдерінің фестивалі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Алматыда Шәкен Айманов фильмдерінің фестивалі ашылады

12.09.2014
Бүгін Алматыда Шәкен Айманов фильмдерінің фестивалі ашылады

12-17 қыркүйек аралығында Алматыда жаңадан ашылған «Kinoplexx Saryarka» кинотеатрында Шәкен Айманов фильмдерінің фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шара ЮНЕСКО-ның естелік даталары мен оқиғаларының ресми күнтізбесіне енгізілген Шәкен Аймановтың жүз жылдығы төңірегінде өткізілмек. Сондай-ақ, мерекелік шара Алматы күнін атап өту бағдарламасына енгізілген.

Бүгін қазақстандық кино күнінде фестивальдің салтанатты ашылуы өтеді. Оған Алматы қаласының әкімдігі, Әуезов ауданының әкімі Б.Н.Торғаев, «Қазақфильм» АҚ президенті Е.Аманшаев және қазақстандық кино ардагерлері қатысады.

Бағдарламада Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» атты қазақ ұлттық саз аспаптарының оркестрі мен Ш.Айманов фильмдеріндегі әндерді орындайтын қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді деп күтілуде.

Фестиваль бағдарламасы 1968 жылы Шәкен Айманов түсірген, халықтың сүйікті фильміне айналған «Тақиялы періште» атты ирониялық әуенді комедиясымен ашылады. Сыйлы қонақ - басты рөлді сомдаған Әлімғазы Райымбеков.

Шара аясында жұрт назарына «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Атамекен» фильмдері ұсынылады.

Фильмдер 13-17 қыркүйек аралығында күн сайын күндіз сағат 10.30-да және кешкі сағат 18.00-де «Kinoplexx Saryarka» кинотеатрында тегін көрсетіледі. Мектеп оқушылары мен ЖОО студенттеріне, соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге жаппай көрсетілім қою жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен «Қазақфильм» АҚ қолдауымен өтеді.

Хабарламаларға жазылу