Телекөпір. Қазақстан - Латвия (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телекөпір. Қазақстан - Латвия (ВИДЕО)

08.09.2014
Телекөпір. Қазақстан - Латвия (ВИДЕО)

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында футболдан Еуро-2016 чемпионатының іріктеу кезеңінің басталуына орай Астана мен Алматы арасында телекөпір өтті.

Қазақ футболшылары жаңа маусымның алғашқы ойынында Латвия құрамасын қабылдайды.

Телекөпірге қатысқан ардагер футболшылар, федерация қызметкерлері, бапкерлер, спорт комментаторлары осы ойын төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Белгілі бапкер, футбол ардагері Асқар Қожабергенов қазіргі таңда көзге түсіп жүрген мықты ойыншылардың барлығы құрамаға ілінгенін атап өтті.

Қазақстан Футбол федерациясының техникалық директоры Қайрат Адамбеков ресейлік маман Юрий Красножан шәкірттерінің психологиялық-техникалық дайындығы зор екенін мәлімдеді.

Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында бірнеше жыл тасқамал қорғаушылардың бірі болған футболшы Алмас Құлшынбаев бас бапкердің жаңа 4-5-1 жүйесіне көшкеніне мән берді.

Жиналғандар Латвия құрамасының ішкі біріншілігінің деңгейі аса жоғары емес екенін айта келе, олардың стандарттық жағдайды шебер орындайтынын мойындады.

Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов ертеңгі ойындағы жауапкершіліктің жоғары екенін еске салып өтті. 

Спорт журналисі Дүрәлі Дүйсебаев футболшылардың шабуылдан қорғанысқа қайта алмайтынын сынға алса, спорт комментаторы Ержан Көшкінбаев  елорда стадионына жанкүйерлер толық жиналмайтынын алға тартты.

Тағы бір спорт комментаторы Рауан Оқас қырғыз футболшыларымен өткен жолдастық кездесуде жігіттердің жеңіс дәмін сезгенін, ертеңгі ойында сенімді ақтайтынына күмән келтірмейді. Футболшы Қайрат Нұрдәулетов жолдастық кездесуде қарымды қарсылас болғаны дұрыс деп есептейді.

Ал, Қазақстан Футбол федерациясының спорт директорының орынбасары Қанат Мұсатаев пен спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен жеңіске жету үшін бірлік керек дейді. Жанкүйерлер жеңіске жеткенде ғана емес, қарсыластарына есе жіберіп алған кезде де  Ұлттық құрамамен бірге болуы тиіс.

Қазақстан – Латвия матчы сейсенбі, 9 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында жергілікті уақытпен 22.00-де басталады. Бұл ойынды «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

 

Хабарламаларға жазылу