Тимур Сегізбаев! Футболға қатысы болсын-болмасын, бұл ойынды ұнатсын-ұнатпасын, мейлі, біздің елімізде оның аты-жөнін білмейтін адам жоқ. Көзінің тірісінде, тіпті, сонау жігіттіктің желеңін енді жамыла бастаған шағында-ақ аты аңызға айналған адам. Күллі қазақтың мақтанышы. «Қайраттың» ең бір жұлдызды шағында команданы алаңға бастап шығып тұрған капитаны. Кейін егемен еліміздің алғаш құрылған Футбол одағының президенті, вице-президенті және бас хатшысы болған Тимур Санжарұлы туралы тағы да сөз етудің орайы келіп отыр.
Тимур Санжарұлының футболға келуі
– Бізде доп дейтін доп та болған жоқ. Шүберектен жентектеліп жасалған жұмыр телпекті жалаң аяғымызбен аямай соққылайтынбыз. Азаннан кешке дейін футбол ойнаудан жалықпаушы едік. Кейінірек әкей қазіргі 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі аумағынан жаңа үй алып, сол жаққа көшіп бардық. Парк біздің футбол шайқастары өтетін нағыз аренамызға айналды. Бір жазда әкем мені Талғар шатқалында орналасқан «Артыбұлақ» пионер лагеріне тынығуға жіберді. Үшінші ауысымда кіл жоғары сыныптың балалары жиналып қалған екенбіз, бәрі де шетінен футболшы, команда құрып алып, Алматы маңындағы басқа лагерьлердің жасақтарымен кездесіп тұруды кестеге енгіздік. Ойындарды өткізу үшін Максим Горький атындағы мәдениет және демалыс паркіндегі «Спартак» стадионына келетінбіз. Осы жерде мені «Авангард» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Георгий Козелько байқап қалыпты. Біз қысқартып «Гесеич», деп атайтын сол кісі менің бірінші жаттықтырушым да болды…
Қайрат клубына екінші курсымда қабылдандым
– Институттың екінші курсында оқып жүргенімде сол кездегі ректор, қазақтың тұлғалы азаматтарының бірі Хамза Мұхамеджанов мені кабинетіне шақырып алып, республиканың бас командасы – «Қайрат» мені өз құрамына алуға ынта білдіріп отырғанын жеткізді. Мен бірден келістім. Ендеше, маған үлкен мүмкіндік берілгелі тұр, демек, оны пайдаланып қалған жөн, деп шештім.
Осыдан бастап «Қайрат» пен Тимур Сегізбаевтың өмірі бір-бірімен ешқашан ажырамастай болып жалғанды. Бас бапкер Николай Яковлевич жұмысына жанын сала кірісті. Жаңа аға жаттықтырушы барлық шепті күшейту мақсатында сырттан көптеген ойыншылар әкеліп, нағыз жауынгерлік құрам қалыптастырды. Сол ортада Тимур да біртіндеп шыңдалып жетілді. Ал, 1960 жылдың 14 мамыры жалғыз Сегізбаев үшін ғана емес, күллі қазақ футболы және оның нағыз жанашырлары үшін мәңгі есте қалатын күн болды. Осы күні Тимур «Қайраттың» негізгі құрамында тұңғыш рет жасыл алаңға шықты. Чемпионаттың басталғанына бір айдан жаңа асқан. Жетінші турдың ойыны. Минскіде жергілікті «Беларусь» командасына қарсы. Тимур бұл матчта әр таймда бір-бір голдан соғып, бұған дейін жүндері жығылып көрмеген қарсыластарын ту-талақай етіп жеңіп қайтты. Тимурдың екі голы да керемет соғылды. Оның біріншісінде 15 метр жерден қатты ұрды. Шамасы, қақпашы Альберт Денисенко мұны күтпесе керек, допқа кештеу секірді. Екіншісінде жартылай қорғаушы Леонид Остроушко қапталдаса беріп, әдемі доп шығарып берді. Оны да біздің шабуылшы тоқтатпастан тартты. Доп зымыраған қалпы қақпаның алыс бұрышына барып қадала қалды. Есеп – 2:0!
Жазылмайтын сырқат мені футболмен ертерек қоштастырды
Тимур Сегізбаевқа тағдыр тым ұзақ футболшылық ғұмыр сыйлай қоймады. Кейінгі кездері жарақаттан көз аша алмаған ол 1970 жылғы 9 мамырда, 29-ға толуына небәрі 3 күн қалғанда, үлкен футболмен қоштасуға мәжбүр болды.
– Сол кезде денсаулығымның дұрыс болмағаны рас. Аяқтағы жарақаттардан бөлек, радикулит деген де әбден мазамды алып болды. Осы бір жазылмайтын сырқат мені футболмен ертерек қоштастырды. Ол болмағанда, әлі де ойнай түскен болар едім.
Бапкерлік жолын қызылордалық «Автомобилист» клубынан бастады
Оған көп ұзамай футболдың үлкен жанашыры, содан екі жыл ғана бұрын Қызылордада футбол командасын құрғызып, былтыр стадион салдырып берген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов «құда түсті». Хасан Шаяхметұлы жанындай жақсы көретін футболшысын жаттықтырушылықтан титтей де тәжірибесі жоқ екеніне қарамастан, өзі іргесін көтерген жергілікті «Автомобилист» командасының тізгінін ұстауға шақырды. Шақырып тұрып, команданы бірден биікке көтеріп жібер, деген талаптың да қойылмайтынын қадап тұрып айтты. Бұл ұсынысқа бірден келісті. Бірақ «қуана келісті» деп тағы айта алмаймыз. Мынадай күтпеген ұсыныстың оны алдымен жүрексіндіргені рас. Әйткенмен, соңынан қызығушылық туғызғаны тағы бар.
Тіршілігін жаңа бастаушы су жаңа бапкер келгенде былтырғы чемпионатты да кестенің соңғы белесінде аяқтаған «Автомобилист» бұл біріншілікте де мандытпай жүрген еді. Бұл тұста 14-15-орындардан аса алмай келе жатқан ұжым бірінші айналымды аяқтап қалған. Ойыншылық бай тәжірибесіне қоса тәп-тәуір теориялық базасы бар Тимур Сегізбаев футболшы кезінен Петр Зенкин, Николай Глебов, Александр Келлер, Владимир Котляров, Андрей Чен Ир Сон, Александр Севидов сынды әр жылдары «Қайраттың» тізгінін ұстаған басқа да ұстаздарының лекцияларын үнемі жазып алып жүруші еді, енді, міне, солары кәдеге асатын мезгіл туды. Оларды жаттықтырушы Сегізбаев керемет етіп жүзеге асырды. Екінші айналымның бірнеше туры өткеннен кейін-ақ команда турнир кестесі бойымен күрт жоғары өрлей жөнелді. Оның, тіпті, 4-орынға дейін көтерілген кезі де болды. Ал маусымды 6-орынмен аяқтады. Бұл жас жаттықтырушының да, оның жасағының да зор жетістігі еді.
Жарты жылдың өзінде осындай бас айналдырар табысқа қол жеткізген Тимур Сегізбаевті спорт комитетінің басшылығы 1971 жылы республикадағы екінші команда – Қарағандының «Шахтерін» басқаруға жіберді. Команда бұл кезде Одақ біріншілігінің бірінші тобында ойнайтын. Чемпионат барысында Тимур Санжарұлының жігіттері сол жылы бірінші орынға ен салып, жоғары топқа жолдама алатын Днепропетровскінің «Днепрін», сондай-ақ, өзінен жоғары тұрған Куйбышевтің «Крылья Советовін», Магнитогорскінің «Металлургін» ұтты. Бұлардан бөлек, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғыз елі Молдова, Латвия және Литва республикаларының бірінші командаларын шаң қаптырып кетті. Команда бұл жылы 22 команданың арасында 9-орын алды.
Тимур Сезібаевтің шәкірттері
Қазақ футболының көгінде алмас қылыштай жарқылдаған саңлақ спортшы «Қайрат» командасының сапында қаншама талантты футболшылардың бағы ашылуына себепкер болды. Солардың барлығы дерлік ұстаздарының осы еңбегін паш етіп, әрдайым айтып отырады. Мәселен, түрікмен футболының түлегі Құрбан Бердыевтың әуелі Одақ таныған мықты футболшы болуында, сосын талантты жаттықтырушы болып қалыптасуында Тимур Санжарұлының еңбегі орасан зор. Ол осы бір дарынды жігітті әкелу үшін Ашғабатқа екі рет барып қайтты. Сол екінші жолы алып қайтуының өзі шым-шытырық оқиғалы фильмге желі болатындай оқиғамен өрнектелді. Осылайша командаға келген ойыншының тез қалыптасып кетуіне де ол айрықша еңбек сіңірді.
– Мен ойыншы болып та, жаттықтырушы болып та қалыптасқаным үшін Тимур Санжарұлына шексіз ризамын. Жалпы, ол кісі сипаты тек жақсы жақтарынан ғана айтылатын адамдардың санатына жатады. Онымен қанша жыл бірге болғанымда, мен бір рет дауыс көтергенін естімеппін. Бұл – қандай бір қиын жағдай болғанда да ешкімге салмағын түсірмей, өзімен өзі болып қалатын адам. Оның қасында арқаңды тамға тірегендей болып өте сенімді жүресің. Өйткені, оның сені ешқашан жолда қалдырып кетпейтініне кәміл сенесің. Ол тазалық, әділдік жағынан келгенде нағыз идеал. Мен, тіпті, Тимур Санжарұлы әлдекімнің сыртынан сәл де болса ғайбат сөз айтқанын естімеппін. Ол не айтса да бетіңе айтады, тура айтады. Мен өзімнің өмір жолымда осындай адамның жолыққаны үшін Аллаға мың мәрте алғысымды білдіремін, дейді Құрбан Бердыев.
Түркімен футболының тағы бір түлегі, «Қайраттың» сапында ең көп ойнаған ойыншы болып тарихта қалған Владимир Никитенконы Қазақстанға жеткізген де Сегізбаев болатын. Бұлардан басқа, Вахид Масудов пен Евстафий Пехлеванидидің жұлдыздары жануына оның қосқан үлесі көп. Жалпы, 1976-1979 жылдар мен 1986 жылдан кейінгі аралықта «Қайрат» сапында ойнаған кез келген футболшы оны өзінің ұстазы санайды.
Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»