«Қазір өзімді кинода ғана емес, шынайы өмірде де осылардың анасы ретінде сезініп жүрмін» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазір өзімді кинода ғана емес, шынайы өмірде де осылардың анасы ретінде сезініп жүрмін»

27.08.2014
«Қазір өзімді кинода ғана емес, шынайы өмірде де осылардың анасы ретінде сезініп жүрмін»

Ұлттық арна эфирінен көрерменге жол тартқан жаңа туынды «Қара шаңырақта» ағайындылардың анасын сомдайтын актриса – Ғайникамал Байқошқарова.

«Актер атына кір келтірмей, өнерге деген адалдықты сақтағаны жөн. Ол ішкі әлемімен бірге сыртқы тұлғасының да актер деген атқа лайықты болуын басты назарда ұстауы қажет», деп есептейтін актриса өзі сомдаған рөлдерге қажет дегеннің бәрін қалқысыз орындауға тырысады.

«Мен сомдаған кейіпкерлер – негізінен, аналардың, әжелердің, әртүрлі тағдырлы әйелдердің рөлі. Болат Атабаев қойған «Кемпірлерден шыққан дау» спектаклінде Қыз-кемпірді ойнаған мен арбадан сан мәрте құладым. Кейін мазам болмаған соң, дәрігерге қаралып, компьютерге түскенімде, «омыртқаңызда мүжілмеген жер қалмапты ғой» деп таңғалған болатын дәрігерлер»,- дейді актриса.

Жарты ғасырға жуық ғұмырын театрға арнаған Ғайникамал Байқошқарова: «Осынау жылдар аралығында талай тамаша сәттерді бастан өткердік, сол сәттер еске түскенде әлі күнге жүрек жылытады», дейді.

Театр сахнасында ғана емес, 15 шақты көркем фильмде де түрлі кейіпкерді сомдаған актриса «Қара шаңырақ» туындысындағы ағайындылардың анасының рөлі турасында: «Қазір өзімді кинода ғана емес, шынайы өмірде де осылардың анасы ретінде сезініп жүрмін»,- дейді.

Біздің анықтама:

Байқошқарова Ғайникамал Мұқанқызы - Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында дүниеге келген.

1965-1969 жылдары Құрманғазы атындағы  Алматы Мемлекеттік  консерваториясының театр бөлімін театр-кино актері мамандығы бойынша білім алды.

1969-1974 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында қызмет етті.

1974 жылдан бері үзіліссіз  М.Әуезов театрында қызмет етеді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,  «Құрмет» орденінің иегері. Республикалық театр фестивальдерінің, дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің жүлдегері.

Сахнадағы рөлдері: 

Ұлттық классика мен әлемдік драматургияда -  М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында Қарагөз, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Көклан, «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Абай» трагедиясында Қаныкей мен Текті, Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінде» Ұрқия,  

М.Булгаковтың «Жендеттерінде» Мадлена Бежар, Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясында мадам де Сотанвиль, Г.Лорканың «Қасіретті қатындарында» Магдалена,

Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Гүлжамал,  Чеховтың «Шағаласында» Полина Андреевна, Ф.Кафканың «Құбылысында» Грегордың анасы, Г.Ибсеннің «Қуыршақ үйінде» фрау Линне, түрік драматургы Т.Жуженоглының «Көшкінінде» Кіндік шеше, т.б;

Заманауи қазақ драматургиясында - Қ.Шаңғытбаев пен К.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Күнсұлу, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасында» Майқанова,  Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Алмагүл,

Н.Әбуталиевтің «Өттің, дүниесінде» (Махамбет) Бәтима ханым, Айғанша, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһар, Б.Римованың «Қос мұңлық» драмасында Самал, А.Сүлейменовтің «Қыздай жесір – штат қысқартуында»  Рита, Б.Мұқайдың «Өмірзаясында» Ирма,

Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Қапиза, С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Анар, Иран-Ғайыптың «Шыңғысханында» Есуй,  Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жырында» Ана, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Сары апа, Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» әйел (реж.Н.Жақыпбай) т.б.

Кинорөлдері:

1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» (реж.Қ.Әбенов), «Офицер мырзалар», «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (реж.Ә.Сүлеева), «Күнә» (Б.Шәріп), «Шұға», «Астана – менің махаббатым», 

«Ағайындылар» (реж.А.Сатаев),  бас-аяғы   15-тен аса  көркем фильмге түсіп, әрқилы бейнелер жасады.

«Қара шаңырақ» телехикаясының өткен бөлімдері мына жерде.

Хабарламаларға жазылу