Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар - инженерлер мен дәрігерлер.
Бұл туралы бүгін жұмыс берушілер мен түлектердің арасында жүргізілген сауалнама қорытындыларына арналған брифингте айтылды.
«Маусым-шілде айларында «Ел қанаты» қоғамдық қоры жұмыс берушілердің сұранысына қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған Қазақстанның 16 өңірінен 200-ден аса жұмыс беруші тартылды. Сауалнама көрсеткіші бойынша, сұранысы жоғары мамандықтар - инженерлер (13,8 пайыз) мен дәрігерлер (12,8 пайыз).
Одан кейін педагогтар - 10,1, бағдарламашылар - 7,4, құрылысшылар - 6,4, маркетологтар - 6,2 пайыз», - деді «Ел қанаты» қоғамдық қорының төрағасы Асылбек Жақып.
Сонымен қатар, сәуір-маусым айында мамандық таңдауға қатысты 2000 түлектің арасында жүргізілген сауалнамада техникалық ғылымдар мен инженерлік (20,5 пайыз), медицина (19,8 пайыз), экономика (13 пайыз), заңгерлік (6,1 пайыз), мемлекеттік және жергілікті басқару (6,1 пайыз) салаларына түсуге ниеттенгендердің көп екені анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.