Бүгін «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясы жариялаған байқау өз мәресіне жетті. Мақсат - EXPO-2017 көрмесіне қатысты республикалық БАҚ-тағы ең үздік материалды анықтау.
Дода екі ай бойы жүріп, 140-тан астам материал сарапшылар сынынан өтті.
«Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов журналистерді құттықтап, сайыс жеңімпаздарына 150 мың теңге көлеміндегі бағалы сыйлықтар табыс етті.
Әділқазылар алқасының төрағасы, белгілі журналист Сейітқазы Матаев: «2017 жылы елімізде өткелі отырған көрме - тарихи шара. Ол еліміздің имиджін әлем алдында ілгерілету үшін керек. Болашақта әріптестеріміз бұл тақырыпты одан әрі тереңірек зерттеп, қызықты материалдарымен қуанта береді деп сенеміз», - деді.
Айта кетейік, қазылар алқасының шешімімен «Қазақ тіліндегі ең үздік радиохабар» номинациясы бойынша Қазақ радиосының Әлеуметтік бағдарламалар редакциясының тілшісі Эльмира Нұртайқызы жеңімпаз деп танылды.