Бүгін таңертең 76 жасқа қараған шағында Мемлекеттік Тудың авторы, Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның өнер қайраткері, суретші Шәкен Ниязбеков дүниеден озды.
Біздің анықтама:
Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда көне Тараз жерінде дүниеге келген.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинградтың В. И. Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне оқуға түседі. Студент кезінде Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына кетіру жұмыстарына қатысты.
Соңғы 30 жылдан астам уақыт көлемінде суретші көптеген конкурсқа қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакияда алтын медальға ие болды. 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты плакаттар конкурсында І орын, 1982 жыл Алматы қаласындағы Республика алаңын көркем безендіруден өткен конкурста І орынды иеленген.
1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан конкурста жеңіп шықты.
Оның «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датов», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» туындылары шығармашылығында ерекше орынға ие.
Өнер қайраткерін ақтық сапарға шығарып салу 18 тамызда Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында өтеді.