Қазақтың белгілі жазушысы Қалихан Ысқақ дүниеден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың белгілі жазушысы Қалихан Ысқақ дүниеден өтті

11.08.2014
Қазақтың белгілі жазушысы Қалихан Ысқақ дүниеден өтті

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламынан жауһар жазбалары таусылмаған, қара сөздің шебері, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ дүниеден озды. Өмірді өзінше өрнектей білген көркемсөз шеберінен айырылу барша қазақ халқына ауыр қайғы, деп хабарлады Әдебиет порталы. 

Жазушы Қалиханның шығармаларында көтерген проблемалар мен қоғамдық қомақты мәселелер бір күнде, бір жылда шешіле салмайтын, кешегі арқылы бүгінгі ұрпақты ойландыруға жетелейтін  терең философиялық ойларға апаратын тағлымды туындылар.

Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толықметражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда») сценариін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.

Аударма саласында Л.Н.Толстойдың, А.П.Чеховтың, И.С.Тургеневтің, А.И.Куприннің, И.А.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

1992 жылы «Ақсу - жер  жаннаты» романы үшін жазушыға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Біздің анықтама:

Қалихан Ысқақ - 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген.

«Қоңыр күз еді» алғашқы повесі 1963 жылы жарық көрді. 1967 – 72 ж. «Қазақфильм» киностудиясындағы аға редактор.

1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында драматургия секциясын басқарды. «Дос хикаясы» (1963), «Менің ағаларым» (1965) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Тұйық» (1975), «Қара орман» (1980), «Ақсу – жер жаннаты» (1989) романдары басылды.

Хабарламаларға жазылу