Шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді

05.08.2014
Шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді

2014 жылдың тамыз айында шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Балалар Кубогы аясында 4-13 тамыз аралығында Павлодарда XII «Ертіс маңы» балалар фестивалі ұйымдастырылса, 20-27 тамыз аралығында Алматы облысының Талғар қаласы маңында шахматтан Әлем чемпионы Флюра Хасанованың кубогына арналған дәстүрлі «Маралсай» турнирі өтеді.

Жалпы, шахматтан ҚР балалар Кубогы бес кезеңнен тұрады. Олар: Махамбетов мемориалы (Қызылорда, 2014 жылдың 17-23 мамыры), Уфимцева мемориалы (Қостанай, 2014 жылдың 5-12 маусымы), «Ақ тұлпар» балалар фестивалі (Шымкент, 2014 жылдың 17-25 шілдесі), «Ертіс маңы» балалар фестивалі (Павлодар, 2014 жылдың 4-13 тамызы) және «Маралсай» балалар турнирі (Талғар, 2014 жылыдың 20-27 тамызы). 

Финал желтоқсан айында Астана қаласында өтеді.

Айта кетелік, балалар Кубогының әрбір кезеңі швейцариялық жүйе бойынша өткізіледі. Турнирде 9 тур ойналады. Сонымен қатар, әрбір турнирде екі жас категориясы бойынша, яғни 14 және 10 жасқа дейінгі  балалардың жинаған ұпайлары бөлек есептеледі.

Кезеңдердің қорытындысы бойынша, есептік ұпайлар мына қағида бойынша есептеледі:

1-орын - 20 ұпай;
2-орын - 18 ұпай;
3-орын - 16 ұпай;
4-орын -  12 ұпай;
5-орын - 11 ұпай;
6-орын - 10 ұпай;
7-орын - 9 ұпай;
8-орын - 8 ұпай;
9-орын - 7 ұпай;
10-орын - 6 ұпай;
11-орын - 5 ұпай;
12-орын - 4 ұпай;
13 -орын - 3 ұпай;
14-орын - 2 ұпай;
15-орын - 1 ұпай.

Финалға барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан 12 үздік шахматшы, 10 жасқа дейінгі балалар арасынан 4 үздік шахматшы шығады.

Есептік ұпайлар тең болып қалған жағдайда кезеңдерге аз қатысқан ойыншыға басымдық беріледі. Ал, егер де балалардың қатысқан кезеңдерінің саны да тең болып қалса, барлық кезеңде ең көп ұпай жинаған қатысушыға басымдық беріледі. Әрбір қатысушыға бір партияға 1 сағат 30 минут уақыт беріледі.

Жеңімпаздар  мақтау қағаздары және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. 2014 жылғы балалар Кубогының иегері 2015 жылы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтетін Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.

Әрбір кезеңнің жүлделік қоры - кем дегенде 200 000 теңге.  Ал финалдың жүлделік қоры - 400 000 теңге.  

 

Хабарламаларға жазылу