«Астана арландары» клубының жаттығу жиындары 17 тамызда басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана арландары» клубының жаттығу жиындары 17 тамызда басталады

01.08.2014
«Астана арландары» клубының жаттығу жиындары 17 тамызда басталады

«Астана арландары» клубының боксшылары жаңа маусым қарсаңындағы алғашқы дайындық жұмыстарын тамыз айының 17-і күні бастайды. Бұл туралы «Астана арландары» командасының жаттықтырушысы Бейбіт Есжанов хабарлады, дейді клубтың ресми сайты.

«Арландар» 17 тамыз күні алғашқы оқу-жаттығу жиындарын Алматы қаласында бастайды. Бұл жиынға клубта жұдырықтасатын былғары қолғап шеберлерінің барлығы дерлік қатысады деп күтілуде. Бейбіт Бүркітұлының айтуынша, биыл команда құрамына жаңа боксшылар қосылуы мүмкін.
«Бізге кейбір салмақ дәрежесінде боксшылар жетіспеуде. Сондықтан алдағы өтетін ішкі жарыстарда «арландардың» құрамында жұдырықтасуға лайықты жігіттерді іріктеп алу ойда бар. Алматы мен Көкшетауда бокстан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс басталады.

Сол сында өзімізге лайықты жігіттерді іріктеп аламыз. 8 тамызда Қазақстан кубогы Ақтөбе мен Қарағандыда жалғасын табады. Сол жарыста да жас боксшыларды таңдауға мүмкіндік туады.

Егер өзін жақсы қырынан көрсеткен боксшылар болса, онда бізбен бірге жаттығу жиындарына қатыса алады. Көңілімізден шығып шатса, келісімшарт ұсынуға дайынбыз», - деді Бейбіт Бүркітұлы.
Айта кетейік, «Астана арландары» бокс клубы тамыз айындағы жаттығу жұмыстарынан кейінгі кезекті оқу-жаттығу жиындарын Болгарияда өткізуді жоспарлап отыр.

Хабарламаларға жазылу