5-7 тамызда ҚР ИЖТМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің қатысуымен Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) ұйымдастырған Орталық Азия, Шығыс және Орталық Еуропаның стандарттау жөніндегі ұлттық органдарының басшылық ететін атқарушы директорларының ISO ашық форумы өтеді.
Форумда 2016-2020 жылдарға арналған ISO стратегиясы жөнінде ұсыныстарды құру, зияткерлік меншікті қорғау мәселелерін қарастыру, клиент мұқтаждығын қанағаттандыру, сондай-ақ ISO қатысушы елдердің нарықтық ұлттық стратегиялары дамуының өзекті мәселелері талқыланады.
Форумның жұмысына ISO бас хатшысы Роб Стил шақырылған. Форумға 20 мемлекеттің техникалық реттеу және метрология саласының топ-менеджерлері де қатысады.
Олар Румыния, Хорватия, Беларусь, Албания, Латвия, Литва, Әзірбайжан, Грузия және басқа да елдерден келеді. Осындай Форумды ISO соңғы рет 2013 жылдың маусым айында Бакуде (Әзірбайжан) өткізген. Қазақстан ISO-ның 1994 жылдан бастап тең құқылы мүшесі.