Тамыз айында жанар-жағармай қымбаттамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тамыз айында жанар-жағармай қымбаттамайды

30.07.2014
Тамыз айында жанар-жағармай  қымбаттамайды

1 тамызда елімізде бензин  мен дизельдік отынның бағасы еш өзгеріссіз қалады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көп әңгіме болып жүрген баға мәселесіне келсек, 1 тамызда елімізде бензин мен дизельдік отын бағасы көтерілмейді, айдың аяғына дейін сол қалпында тұрады деп ойлаймыз. Жалпы, жанар-жағармай бағасына қатысты талқылаулар бұл ай сайын болып тұрады. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап бензин бағасын талқылау басталған, ол жалғасып келеді. Әрі мекемеаралық комиссия отырыстарында, біздің министрлікте де, басқа мәжілістерде, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде, Үкіметте де осы мәселелер айтылады.  Ендеше, бұл – бензин мәселесі талқыланған сайын оның бағасы көтерілуі мүмкін деген сөзді білдірмейді», - деді Ұ. Қарабалин.

Сондай-ақ, министр бүгінде Қазақстандағы жанар-жағармай бағасы еліміз шекараласатын мемлекеттер – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасына қарағанда, төмен екенін атап өтті.

Хабарламаларға жазылу