Энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алу жұмыстары жүргізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

30.07.2014
Энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі брифингте елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ortcom.kz

2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 12 нозологиялық форма бойынша – оба, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, туляремия, күйдіргі жарасы, құтыру, дифтерия, cіреспе, безгек, трихинеллез, полиомиэлит сияқты аурулар бойынша бірде-бір оқиға тіркелмегенін айтады.

Ал, 28 нозология бойынша көрсеткіштері де біршама төмендеген. Оның ішінде ең маңыздысы С гепатиті, ол 2,5 есеге азайды. Жалпы алғанда алғашқы жартыжылдықта менингококтік инфекция – 37 пайыз, бактериялық дизентерия – 33 пайыз, В гепатиті – 20 пайыз және туберкулез – 12,6 пайызға  азайды, - деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин энтеровирусті инфекция бойынша елдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Жаз айлары мен, күздің бас кезі – энтеровирустық инфекцияларға шалдығу оқиғаларының маусымдық кезеңі. Бүгінгі таңда бұл инфекция Астана қаласы мен Қарағанды облысында көп тіркеліп отыр. Оның айтуынша, биылғы маусым-шілде айларында Астана қаласында зертханалық расталған энтеровирустық берішті менингиттің 80 жағдайы, Қарағанды облысында 49 жағдайы тіркелген.

«Агенттіктің аумақтық департаменттері энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алуға бағытталған профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыс жүргізуде», - дейді Жандарбек Бекшин.

 

Хабарламаларға жазылу