Ертең, 22 шілдеде Ақмола облысында және Астанада желдің екпіні күшейеді, деп хабарлайды «Қазгидромет».
Ақмола облысында оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы түнде секундына 15-20 метрге, күндіз 17-22 метрге жетеді.
Елордада таңертең және күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, деп күтілуде.
Қостанай облысын жайлаған циклон әсері республиканың басым бөлігіне әсерін тигізбек.
Циклонның әсерінен алдағы үш күн бойы солтүстік аймақтарда жаңбыр жауады. Орталық және шығыс өңірлердің кей жерлерінде нөсер жауын жауып, 15-23 м/с жел көтеріледі, температура әдеттегіден 4-8 градус төмен болады.
Республиканың батысында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Бұл жерлерде ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріледі, деп күтіледі.
Ал, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады. Тек таулы аймақтарда 24 шілде күні жауын болуы мүмкін.