Халықаралық математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылар 6 медальға қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылар 6 медальға қол жеткізді

13.07.2014
Халықаралық математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылар 6 медальға қол жеткізді

3-14 шілде аралығында Оңтүстік Африка еліндегі Кейптаун қаласында ұйымдастырылған 2014-ші жылғы Халықаралық математикалық олимпиадада Қазақстаннан барған оқушылар 6 медальді қанжығаларына байлады.

Білім сайысына 101 елден 612 оқушы қатысты. «Алтын» жүлдеге О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының 10-шы сынып оқушысы Ахан Ысмайылов қол жеткізді. Ал, осы оқу ордасының тағы екі оқушысы, 11-ші сыныптағы Әлішер Тортай мен Ержан Иманмәлік қола медаль алды.

Шымкенттегі қазақ-түрік лицейінің 11-ші сынып оқушысы Серғазы Қалмырзаев күміс медальді иемденді. Сонымен қатар, Тараздағы және Астанадағы қазақ-түрік лицейінің 11-ші сынып оқушылары Данияр Камал мен Қуандық Алтынханов қола жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, Қазақстан аталған олимпиадаға 1998 жылдан бері қатысып келе жатыр.

 

Хабарламаларға жазылу