Білімге, сүйікті ісіңмен айналысуға жастың ұлғайғаны кедергі емес. Бұған дәлел ретінде «Таңшолпанның» сюжетін тамашалаңыз.
Кениялық ақсақал Кимани Маруге мектеп табалдырығын 85 жасында аттаған. Бастауыш сыныпта оқитын Киманиге математика пәні қатты ұнайды екен. Оқушы ағылшын тілі пәнін өте қиын сабақ, дейді.
Ал денешынықтыру сабағын шөберелерімен жасты сыныптастарының ойынына қараумен өткізеді екен. Қоңырау уақытында ақсақал сыныптастарына қызықты әңгімелер айтып береді. «Көзім көрмей қалғанша, оқуды тоқтатпаймын», дейтін ақсақалдың білімге құштарлығы талайға үлгі.
Австралиялық Джеффри Шнайдер әлемдегі ең кәрі мұғалім. Жасы 101-ге келген ол әлі күнге дейін Сиднейдегі жоғары оқу орындарының бірінде қызмет етеді. Джеффри ақсақал өз студенттерінің аты-жөнін жатқа біледі. Зейіні – тың.
«Сабақ беруден жалықпадыңыз ба?», деген сұраққа мұғалім: «Мен өзімді жақсы мұғаліммін деп есептеймін. Жастарға әлі көп нәрсе үйретуге шамам жетеді. Мұнша жыл мұғалім болуымның сыры - сабырлылығымда»,-дейді. Тағы бір айта кетерлігі, ол көзілдірік тақпай-ақ кітап оқи береді.
Марафоншы Фауджа Сингхтың жасы 100-ден асқан. Ол бірнеше халықаралық марафондарға қатысып, топ жарған спортшы. Өзі бұл жетістіктерін «темекі шегіп, ішімдік ішпегенімнен», дейді.