«Нұр Отан» сыбайлас жемқорлық жөнінде жыл сайын баяндама жасамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» сыбайлас жемқорлық жөнінде жыл сайын баяндама жасамақ

09.07.2014
«Нұр Отан» сыбайлас жемқорлық жөнінде жыл сайын баяндама жасамақ

«Нұр Отан» партиясы жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуы туралы партиялық баяндама жариялайды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобалық таныстырылымында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.

«Бағдарламаны жүзеге асыру барысы бойынша жыл сайын «Нұр Отан» тарапынан партиялық баяндама жариялап отыру бағдарлама ерекшелігінің бірі. Яғни, жемқорлық деңгейі, коррупциялық құқық бұзушылықтың көрсеткіштері мен іс-қимылдардың тиімділігі, қабылданар құжаттың іске асырылу барысы жүйелі түрде жарияланып, қоғам назарында болмақ», - деді ол.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, қоғамдық бақылауды шынайы күшейту, ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға бағытталған заңдар қабылдау қажеттігі де көрсетіліп отыр», - деп атап өтті саясаткер.

Бұл орайда «Нұр Отан» партиясы қоғамдық-саяси институтының директоры Саясат Нұрбек бүгінде еліміздегі жемқорлық деңгейіне баға беру үрдісін бір ғана «Transparency International» халықаралық ұйымының ғана жүзеге асыратынын қынжыла жеткізді. Сонымен қатар, мұның субъективті түрде, кең ауқымда емес, жекелеген адамдар, яғни, бірнеше бизнесменнің пікіріне сүйене жүргізілетінін айтты.

«Еуропалық Комиссия тәжірибесіне үңілсек, жыл сайын жемқорлық ахуалы туралы өз баяндамасын әзірлеп жатады. Өз кезегінде Ресей Федерациясында да Қоғамдық палатасы сондағы жемқорлық пен азаматтық қоғам ахуалы туралы баяндама жасайды. Олай болса, билеуші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясы ел ішіндегі жемқорлықтың бірегей объективті және кешенді бағалау көзіне айнала алады», - деді C.Нұрбек.

Айта кетейік, бұл жобаны қатарында белгілі заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Бас прокуратура пен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері бар жұмыс тобы дайындады. Алдағы уақытта қоғамдық талқылаулар нәтижесі Мемлекет басшысына таныстырылып, БАҚ–та жарияланатын болады.

Хабарламаларға жазылу