«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» конкурсында үздік шыққандар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» конкурсында үздік шыққандар анықталды

06.07.2014
«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» конкурсында үздік шыққандар анықталды

«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» конкурсында, Бельгия, Катар, Малайзия және Украинаның журналистері жеңімпаз атанды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«1 шілде күні ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Журналистер одағы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық конкурсының нәтижесін шығарды. Географиялық конкурс Оңтүстік және Солтүстік Америка, Европа, Азия, Таяу Шығыс  және ТМД елдері журналистерінің назарын аудартқан болатын. Конкурс ережесіне сай, бес жеңімпаз анықталды. Жоғарыда көрсетілген елдердің әрбіріне жүлде ретінде Алматы, Астана және Бурабай жерлеріне саяхат ұйымдастырылады»,-делінген хабарламада.

Анықтап айтқанда, Америка елдерінен Гаяна журналисі Нил Маркс Қазақстан мен Гаяна мәдени дәстүрінің ұқсастығы туралы жазған мақаласы арқылы жүлдегер атанса, Европадан Бельгия журналисі Сибиль Грейндл Қазақстандағы энергетиканың дамуы турасындағы материалы үшін жеңімпаз атанды.

Ал Азиядан малазиялық журналист Нуршазлину Нуразман «Bernama» ақпараттық агенттігіндегі Алматы және Астана турасындағы материалдар тізімін жариялағаны үшін үздік атанды.

Сондай-ақ, Таяу Шығыс елдерінен катарлық журналист Хусейн Ахмадтың Қазақстандағы саясат пен  экономиканың даму жолдары туралы жазған материалдары үздік шықты. Ал ТМД елдері арасынан үздік деп танылған Украина журналисі Светлана Островская. Ол  Қазақстан туралы «Степная сказка» атты репортаж жасаған.

Хабарламаларға жазылу