«Марс - первый контакт» атты алғашқы қазақстандық ғылыми-фантастикалық фильм түсірілмек. Фильм режиссері – қазақстандық танымал режиссер Қалила Омаровтың ұлы Мұхтар Омаров.
Ол Марс туралы фильм түсіру идеясын осыдан бірнеше жыл бұрын ойластырғанын айтады. Алайда, идея тек биыл ғана жүзеге асты. «Мен Ридли Скотт, Стэнли Кубрик, Дэвид Финчер сынды режиссерлардың Марс туралы түсірген фильмдерін көп көрдім. Сосын бізде неге осындай ғылыми-фантастикалық фильм жоқ деген ой келді. Бұл жанр біздің елде әлі дамымаған. Бірақ, әйтеуір біреу дамыту керек қой, тым болмаса бастап көру керек. Осыдан кейін дәл осы жанрда фильм түсіру идеясы келді. Әрі біз ғарыш елі саналамыз. Бізде «Байқоңыр» бар. Сол ғарыш айлағын пайдалана отырып, кино түсіру керек»,-дейді жас режиссер.
Қазақстандық фильмнің сюжеті бойынша, оқиға 2114 жылы адамзат Жердің бар байлығын тауысқан кезеңде Алматыда өрбиді. 10 адамнан тұратын экспедиция Қызыл планетаға аттанады. Олар бұл планетаға «NAN 2100» атты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің құрметіне қойылған ғарыш кемесімен ұшады.
Онда барған соң, қазақстандықтар бастарынан түрлі тылсым жайттарды өткереді. Сондай-ақ, бірнеше мың жыл бұрын жоғалып кеткен америкалық астронавттың қалдықтарын табады. Америкалық астронавттың жоғалып кетуі – өзге планетадағы өмірдің бар-жоғына қатысты талай сырдың бетін ашады.
Режиссер фильм түсіріліміне 2014 жылдың қыркүйек айында кіріскелі отыр. Ал қазір ол актерлер құрамын таңдауда. Режиссер бұл жұмысында жаңа таланттарды ашпақшы. Сол себепті, ол таныла қоймаған актерлерді тартпақ. Бірақ, оның айтуынша, фильмге халыққа танылып үлгерген актерлер де түспек.
Фильм түсірілімі Алматы және Алматы облысы аумағында түсіріліп, 2015 жылдың соңына қарай эфирге жол тартпақ.