Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы көркем фильм түсірілгелі жатыр. Фильм түсірілімі 1 шілдеден басталады. Танымал актер Досхан Жолжақсынов басқаратын түсіру тобы қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Фильмде декорациялық рөл атқаратын киіз үйлер тігілуде.
Бұл туралы Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
«Біздің қала түсіру алаңына 20 киіз үй апарады, ал жалпы сол жерге тігілетін киіз үйлердің саны-150. Фильмге өзіміздің әртістер түседі, әншілер де шақырылуы мүмкін. Кинотуындыны 1-қыркүйекке дейін бітіру көзделген», - дейді Б.Көпбаев.
Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы атақты бидің отбасында дүниеге келген. Ол - өзінің ақыл-парасатымен, көрегендігімен ерекшеленген тұлға. Фильм авторларының айтуынша, Құнанбайдың нақты қандай болғанын дөп басып айту қиын. Бүгінде бір топ ғалым, зерттеуші Құнанбайды зерттеуде.