«General Motors» тағы 100 мыңнан астам көлігін кері қайтаратынын мәлім етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«General Motors» тағы 100 мыңнан астам көлігін кері қайтаратынын мәлім етті

07.06.2014
«General Motors» тағы 100 мыңнан астам көлігін кері қайтаратынын мәлім етті
Түрлі ақаулардың анықталуына байланысты жұма күні Америкалық «General Motors» корпорациясы АҚШ нарығынан көліктерін тағы да кері қайтарып алатынын мәлімдеді,-деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
 
Бұл жолғы сервистік акцияға 36 мыңға жуық 2012 жылғы үлгідегі Buick Verano, Chevrolet Cruze, Chevrolet Sonic жеңіл көліктері мен Chevrolet Camaro спорт көліктері ілікті. Өндірушінің айтуынша, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда бұл көліктердің қауіпсіздік жастықтары ашылмауы мүмкін. GM өкілдерінің айтуынша, қазірге дейін осындай жағдайдан бір адам зардап шеккен.
 
Бұдан басқа, 70 мыңға жуық Chevrolet Tahoe, Chevrolet Suburban, GMC Yukon жаңа жол талғамайтын көліктері мен Chevrolet Silverado, GMC Sierra жаңа пикаптар кері қайтарылады. Бұл көліктердің есігі ашық қалғаны немесе қауіпсіздік белдігі тағылмағаны туралы ескертетін дыбыстық белгілері жұмыс істемеуі мүмкін.

Айта кетейік, осы жылдың басында GM айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Ақпан, наурыз айларында концерн бүкіл әлем бойынша компания қызметкерлеріне 2001 жылы анықталған от алдыру жүйесінде ақауы бар 2,5 млн. жеңіл көліктерді кері қайтаруды шешкен.

Бұл ақау көлік жүрген кезде қозғалтқыштың сөніп қалуына әкелген. Тежегіш жүйесінде іркіліс тудырып, қауіпсіздік құрылғысын өшіріп тастаған. Осындай ақаулықтың салдарынан шамамен  13 адам қайтыс болған.
 
Мамырдың ортасында концерн АҚШ-тың тас жолдарында қозғалыс қауіпсіздігі басқармасына ақауы туралы ақпаратты уақтылы бермегені үшін 35 млн. доллар мөлшерінде айыппұл төлеуге келіскен. Компания өкілдері реттеуішке белгіленген бес күндік мерзімде проблема жайында хабардар етпегенін мойындады.

Жыл басынан бері GM 15,9 млн. астам көлікті кері қайтарып үлгерді. Сарапшылар атап өткендей, ірі америкалық автоөндіруші жылына кері қайтарылған көлік саны бойынша 2004 жылғы өз рекордынан асып түсті. Ол кезде концерн 10, 75 млн. көлігін кері қайтарған еді.
 

Хабарламаларға жазылу