Әлеуметтік желіде ғайбат жазба қалдырғандарға 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлімдеді.
«Егер сіз жалған екеніне сенімді бола тұра, өсек тарататын болсаңыз жауапқа тартыласыз. Ал, егер қателессеңіз немесе шындық екеніне шын мәнінде сенімді болсаңыз, ешкім, ешуақытта жауапкершілікке тартылмайды», - деді Бас прокурордың бірінші орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде жазылатын сыни және адамның абыройына нұқсан келтіретін жазбаларға қатысты да өз ойын білдірді.
Оның атап өтуінше, сыни жазба қалдырған адам ешуақытта жазаға тартылмайды. Ал, біреу жәбірленсе, оны сараптама көрсетіп беруі тиіс.
«Мұндай жазба немесе діни мәселелер таратылатын болса, онда сараптама тағайындалады. Ол қорытынды беруі тиіс. Егер қорытынды кезінде жазбаның жәбірлеу мақсатында жазылғаны анықталса, онда жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте санкция көлемі үлкен емес. Меніңше, 500 АЕК көлемінде айыппұл немесе 3 ай түзеу жұмыстары белгіленеді», - деді И.Меркель
ҚазАқпарат