Түркі кеңесі – Елбасының ұсынысымен құрылған іргелі ұйым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі кеңесі – Елбасының ұсынысымен құрылған іргелі ұйым

03.06.2014
Түркі кеңесі – Елбасының ұсынысымен құрылған іргелі ұйым
2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен түркі жұртын топтастыратын Түркі кеңесін құру шешімі қабылданды.
 
Елбасының ұсынысымен құрылған бұл іргелі ұйым – түркі тарихында терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым. Жалпы, Түркі кеңесі 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммитінде дүниеге келгенімен, оның бастауы әріде жатыр.
 
Түркі елдерінің мемлекет басшылары 1992 жылдан бері тұрақты түрде бас қосып, жиын өткізіп келді. Сол алғашқы 1992 жылғы Саммиттің өзінде Түркия Президенті Тұрғұт Өзал түркі мемлекеттерінің одағын құру туралы ұсыныс көтерген екен.
 
«Бұл туралы Мемлекет басшысының «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында да айтылған. Ол кезде тегі бір тамырлас елдер енді ғана егемендік алып, ес жиып, етек жауып жатқан тұс болғандықтан, мұндай өткір ұсыныс қаз тұрып, қалыптасу жолына түскен, әлемдік қауымдастықта әлі танылып үлгермеген жас мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне тұсау болуы мүмкін еді. Сондықтан, Елбасы түркі жұртына түпкілікті тұтасу жолын емес, негізінен экономикалық интеграцияға негізделген тәуелсіз елдердің терезесі тең достығын ұсынды»,- дейді тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі.  
 
Осыдан кейін жыл сайын түркітілдес мемлекет басшыларының Саммиті дәстүрлі түрде өтіп тұрды. Қазақстан бұл жиындардың барлығына ең жоғары деңгейде қатысып келді.
 
Ал тегі бір мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне 15 жыл толған 2006 жылы Анталияда өткен Саммитте Елбасы бұдан былай сөзден нақты іске көшу қажеттігін айтып, Түркі кеңесін, оның тұрақты хатшылығын және ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды. Елбасының бұл ұсынысы Нахчыванда жүзеге асты.
 
Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінеҚазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиев және Түркия Президенті Абдолла Гүл қатысқан еді.
 
Мемлекет басшылары жиында Түркі жұртының жаһандану дәуіріндегі бір-бірімен қарым-қатынастарын одан әрі дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ, өмірдің сан салаларындағы, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтарын, энергетикалық байланыстарын нығайту, ата тарихтарындағы ортақ дүниелерін дәріптеп, мәдени мұраларын ұрпақ игілігіне жарату  мәселелерін талқылады.
 
Ал биылғы IV түркі әлемі мемлекеттері басшыларының саммиті  5-6 маусым күндері өтпек. Түркияның Бодрум қаласында өтетін саммиттің  тақырыбы туризм саласын дамыту мәселесіне арналмақ.

Хабарламаларға жазылу