Серік Сәпиев түркі әлемінің «Қызыл алма» сыйлығын иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серік Сәпиев түркі әлемінің «Қызыл алма» сыйлығын иеленді

30.05.2014
Серік Сәпиев түркі әлемінің «Қызыл алма» сыйлығын иеленді
Түркияның Едірне қаласында өтіп жатқан ІІІ «Әлем түркілері форумы» шеңберінде алғаш рет 11 аталым бойынша «Қызыл Алма» сыйлығы берілді. Оған ие болғандардың басым көбі өз саласында түгел түркінің мақтаны ғана емес, Түркі әлемінде өзіндік орыны бар тұлғалар.
 
«Спорт» аталымы бойынша«Қызыл Алма» сыйлығы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, даңқты боксшымыз Серік Сәпиев пен волейболдан Түркияның ұлттық құрамасының ойыншысы, талай жүлде салған Наз Айдемирге берілді.
 
Басқа аталымдар бойынша марапатталғандар тізімі:
 
«Мемлекет» аталымында РФ Татарстан Президенті Рустам Минниханов пен Түркия Ұлттық білім министрі, профессор Наби Авжы;
 
«Дипломатия» аталымы бойынша Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынжы, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев;
 
«Іскерлік» аталымы бойынша Түркия палаталары және қор нарығы одағы;
 
«Ғылым» аталымы бойынша Түркия ғылымы Тарих одағының басшысы профессор Екмеледдин Инсаноғлы мен белгілі экономикашы ғалым, профессор Невзат Ялчынташ;
 
«Мәдениет» аталымы бойынша ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Түркі әлемі Музыка бірлігінің жетекшісі Ирфан Гүрдал;
 
«Өнер» аталымында қырым татары әншісі Жамал Жамаладинова мен түріктің танымал әншісі Орхан Генжебай;
 
«Технология» аталымы Қырғыз Республикасының Манас университеті мен Әзірбайжанның ұлттық ғылым академиясының Шемаха астрофизика зертханасы
 
«Стратегия» аталымында Әзірбайжанның Диаспора министрі Назым Ибрагимов, Едірне қаласы әкімі Хасан Дуруер және Ескишехир әкімі Гүнгөр Азим Туна;
 
«Дипломатия» сыйлығы бойынша түркиялық қайраткерлер мен журналистер: Торхан Алмуфти, Ахмет Иешілтепе мен Муртеза Сулужоожаларға «Қызыл алма» сыйлығы табыс етілді.
 
Марапаттау кезінде Қазақстанның әйгілі «Ұлытау»тобының әуені асқақтап тұрды.
 
Түркі әлемі үшін өзіндік ерекше сыйлық тағайындау шешімі былтыр сәуірде Стамбул қаласында өкен ІІ «Әлем түркілері форумында» қабылданған болатын. 
 
Естеріңізге сала кетейік, Түрік Азия стратегиялық зерттеу орталығының (TASAM) ұйымдастыруымен жиын биыл үшінші мәрте өтуде. Түркі әлемі мен түркі диаспораларына арналған форумға 60-қа жуық елден 400-ге тарта ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, дипломаттар, журналистер, азаматтық ұйым және зиялы қауым өкілдері қатысуда.

Хабарламаларға жазылу