Қызылордада «EXPO -2017, Жаңашыл жастар мен кемел келешекке» атты инновациялық идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтті. Шараны Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі, «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық білім бөлімі ұйымдастырды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жәрмеңкеге Әйтеке би кенті әкімдігі, мектеп, «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігі, аудандық ішкі саясат бөлімі аудан жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты - жастардың инновациялық ой-санасын дамыту, талантты, білімді жастарға бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету. Аталмыш жәрмеңкеге Қазалы ауданы бойынша 8 қатысушы өз жобаларын қорғап шықты.
№249 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Әлиев Нұрғисаның – «Торсық бейнесіндегі дәмхана»атты жобасы ең үздік деп танылып, жүлделі бірінші орынды иемденді. Жүлделі екінші орынды №266 мектеп-лицейдің ұстазы Ақбаева Жаннаға табысталды. Ал үшінші орынды №165 мектептен Омаров Ғазиз иемденді. |