Қызылордада сарбаздардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.
«Адамдардың жаппай улану фактісіне қатысты 14-сәуірде Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы ҚР Қылмыстық Кодексінің 381-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша бірқатар сараптамалар мен зерттеулер тағайындалды», делінген хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 сәуірде ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері комитетінің Қызылорда қаласында орналасқан 55/47 әскери бөлімінің 22 сарбазы «Асқынған энтероколит» диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасы жатқызылған. 14 және 15 сәуірде дәл осындай белгілермен ауруханаға аталған әскери бөлімнің 29 әскери қызметшісі түскен.
Қызылорда қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің алдын ала берген мәліметтеріне сәйкес, жұқпалы ауру әскери бөлімге қалалық су арнасы торабынан келетін судан тараған.
Қазіргі кезде анықталғаны, 7-сәуірде әскери бөлім аумағындағы су құбыры жүйесі бұзылып, соның салдарынан судың берілуі уақытша тоқтатылған. Сондай-ақ, құбыр жүйесі келесі күні бір-ақ қалпына келтірілген.
Микробиологиялық зерттеулердің қорытындысына сәйкес, судан ішек инфекциясын тудыруы ықтимал көптеген бактериялар анықталған.